Маңғыстау облыстық мәслихатының экс-депутаты Ынташ Наурызова Қазақстан Республикасының Президентіне жүгініп, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдан қорған сұрауға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Бұл туралы ақпарат «ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ» телеграм арнасында жарияланды.
Экс-депутаттың айтуынша, ол мен әкім Нұрдәулет Қилыбайдың ортақ баласы бар. Жақында оған қарсы полицияға арыз түскен — бірақ бұл арызды әкімнің өзі емес, оның аппаратының басшысы Мәлік Әбдіқадыров жазған көрінеді.
Наурызова бұл әрекетті қудалау және әкім тарапынан ұйымдастырылған қысым ретінде бағалап отыр.
Арнаның хабарлауынша, экс-депутаттың осындай қадамға баруына осы ортақ бала мәселесі мен құпия арыз себеп болған. Қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны әзірге белгісіз. Аталған жағдайға қатысты
Нұрдәулет Қилыбай бұған дейін, 2024 жылдың желтоқсан айында Orda.kz сайтына берген сұхбатында, жеке өміріне қатысты қауесеттерге ирониямен жауап берген болатын. «Жарқырағанның бәрі алтын емес», — деген әкім бұл сөзді кімге арнағаны нақты түсініксіз күйде қалды.
Ынташ Наурызовамен арадағы ықтимал жеке қарым-қатынас жайлы сұраққа ол нақты жауап бермей, тек әлеуметтік желілерде жазылғанның бәрі шындыққа жанаспайтынын айтты.
Бүгінде дау жаңа кезеңге өткендей. Алты ай үзілістен соң, Ынташ Наурызова қоғамдық алаңға қайта шығып, әкім тарапынан өзіне қатысты қысым мен аңду әрекеттері жүріп жатқанын ашық мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл әрекеттер жеке өмірге қол сұғу ғана емес, беделді бұзуға бағытталған саяси қудалауға айналған. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ. Қоғамда болса, бұл оқиғаға деген қызығушылық артып келеді.
Желі қолданушылары тарапынан түрлі пікірлер айтылып жатыр: бірі әкімді қолдаса, енді бірі экс-депутаттың сөзін жақтап отыр.
Осы оқиға негізінде қоғамда бір маңызды сұрақ туындап отыр: жеке өмір мен билік арасындағы шекара қай жерде аяқталады? Ал бұл тартыстың кімнің беделіне көбірек әсер ететіні әзірге белгісіз.