27 мамыр күні таңертең “Астана – Жезқазған” бағытындағы №66 жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды Paryz.kz.
“Жолаушылар тасымалы” АҚ баспасөз қызметі мәліметінше, жүктілігінің соңғы кезеңінде болған жолаушы Альвина Пернабаева сапар кезінде толғақ басталғанын сезіп, жолсеріктерден жедел көмек сұрады.
Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен вагон жолсерігі Алтынай Ғафиуллина шұғыл түрде әрекет етіп, босануға қолайлы жағдай жасау үшін қызметтік нұсқаулыққа сай барлық қажетті шараларды қабылдады. Көмекке Сәтпаев қаласынан шыққан фельдшер мен балабақшада жұмыс істейтін жолаушылар да атсалысты. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде 06:20-де аман-есен қыз бала дүниеге келді, - делінген хабарламада.
Жеңіс станциясына жедел жәрдем тобы алдын ала шақырылып, пойыз келген бетте ана мен жаңа туған сәби медициналық бақылауға алынды.
Жаңа туған сәбидің әкесі Алихан Жаналин дер кезінде көмек көрсеткен барлық азаматтарға шын жүректен алғыс білдірді. Ол сондай-ақ, дүниеге келген қызына Асылым есімі берілгенін қуана хабарлады.
Айта кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде “Жолаушылар тасымалы” АҚ пойыздарында 15 сәби дүниеге келген.