Шымкентте жалғызбасты ана өзін белгісіз біреулердің ұрлап әкетіп, қаладағы психологиялық көмек орталығында 10 күн бойы күштеп ұстап, зорлық-зомбылық көрсетіп, беймәлім құжаттарға қол қойғызғанын жария етті, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Әйел ақыл-есінің түзу екенін, денсаулығына қатысты ешқандай тіркеуде тұрмайтынын айтып, президенттен көмек сұрады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен, Фаузия Ахметова, жалғызбасты анамын. Сізге өз басымнан өткен ауыр оқиғаға байланысты мәжбүрлі түрде жүгініп отырмын. 2025 жыл, 25 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында Түркістан қаласындағы өз үйімнен белгісіз үш ер адам мені балаларымның көзінше күштеп алып кетіп, Шымкент қаласындағы «Көмек центр» деп аталатын оңалту мекемесіне апарды. Аталған мекеме өздерін реабилитациялық орталық ретінде таныстырып, мені ешқандай медициналық немесе құқықтық негізсіз ұстап отырды. Менің есірткіге немесе басқа да психобелсенді заттарға еш қатысым жоқ. Ешбір тіркеуде тұрмаймын. Соған қарамастан, мені күшпен ұстап, ұрып-соғып, қол қоюға мәжбүрледі. Қол қоймағаным үшін дәрі-дәрмек ішкізіп, есімді білмей қалу деңгейіне жеткізді. Бірнеше рет аяқ-қолымды скотчпен байлады. Мен жаным қиналғаннан өз-өзіме қол жұмсап, қолымды бірнеше рет кестім», - деді әйел видеоүндеуінде.
Айтуынша, ол 5 мамыр күні ғана туыстарымен хабарласуға мүмкіндік алған. «Жедел жәрдем шақырту мақсатымен үйіме хабар жеткізгім келді, алайда ешқандай медициналық көмек көрсетілмей, қайтадан бір аяқ-қолымды байлап тастады. Он күн бойы заңсыз ұсталдым. Тек 5 мамырда туыстарыма хабарласып, сол жерде құтқарылдым. Осылайша мені шығарып алды», - деді ол.
Әйелдің сөзінше, орталықта кәмелетке толмаған балалар да күштеп ұсталып отырған көрінеді. Ол өзінің басынан өткен оқиғаға байланысты полицияға арыз жазса да, құқық қорғау органдары тергеуді бастамаған.
«Ол орталықта кәмелетке толмаған қыздардың, балалардың заңсыз қорқытып, ұсталып отырғанын көзіммен көрдім. Осыдан кейін Шымкент қаласының Полиция департаментіне арыз жаздым. Алайда жиырма күн өтсе де, арызым бойынша ешқандай тергеу әрекеті жүрмей отыр. Заңсыз оңалту орталығы әлі де жұмысын тоқтатпай отыр. Бұл жағдай құқық қорғау органдары мен аталған орталықтың арасында сыбайластық бар деген күмән туады», - деді ол.
Алайда Шымкент қаласының полиция департаменті азаматшаның арызы бойынша қылмыстық іс тергеуге алынған дейді.
«Оқиғаның барлық мән-жайы мен құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүріп жатыр. Тергеу аясында орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттама, жазбалар, сондай-ақ екі тараптың уәждері зерделенеді. Тергеу жұмыстары заң шеңберінде жүріп, ұсынылған барлық жайттар объективті және толыққанды қаралады», - деп хабарлады полиция.
Зәбір көрдім деген ана кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етті.
«Осы оқиға бойынша менің заңсыз ұсталғаным мен зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды, «Көмек центр» деп аталатын орталықтың медициналық лицензиясыз жұмыс істеп отырғанын, онда кәмелетке толмаған балалардың да заңсыз ұсталғанын, полицияның арызымды қараусыз қалдырғанын, өзімнің балаларымның қауіпсіздігі үшін алаңдайтынымды ескере отырып, сізден осы істі жеке бақылауыңызға алып, әділетті тергеу жүргізілуін және кінәлі тұлғалардың заң алдында жауапқа тартылуын сұраймын», - деді Президентке үндеу жолдаған әйел.
Редакция тілшісі осы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкенттегі психологиялық орталыққа хабарласты. Мекеменің қызметкері дәл қазір жауап беруге мүмкіндігі жоғын айтып, 1-2 сағаттың көлемінде қайта байланысқа шығуға уәде берді.