Бойжеткен былтыр Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап қаза тапқан, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бастапқыда қылмыстық іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қозғалған. Алайда марқұмның анасы “Денесінен азаптау іздерін көрдім” деп күдік келтіргеннен кейін, Алматы қаласының полициясы бұл өлімге қатысты қайта тергеу жүргізе бастады.
Алматы қаласының Полиция департаменті оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.
«Қалалық ПД-нің тергеу басқармасы өткен жылдың шілде айында Алматы тұрғынының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылып жатыр», - деді басқарма.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл іс Департамент басшылығының ерекше бақылауында.
«Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар, соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады. Тергеу барысы Департамент басшылығының ерекше бақылауында»,- делінген хабарламада.