Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Сара Назарбаева қайтыс болды-мыс ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Осы оқиғаның төңірегінде нағыз детективке ұқсас жағдай қалыптасқаны депутаттың да назарын аударған, деп хабарлайды Paryz.kz сайты Ertenmedia-ға сілтеме жасап
«Жалпы, түсініксіз оқиға болды. Иә, бұрынғы президенттің әйелі болса да, ол да адам ғой. Бұл жерде не құпия бар? Егер адам қайтыс болса, оны анық әрі ашық хабарлауымыз керек. Егер аман болса, оны да жасырмай жария ету керек. Құзырлы органдар халық алдына шығып, нақты мәліметті неге бермейді? Неге Сара Алпысқызының өзі халық алдына шығып, аман-есен екенін көрсетпейді? Бұл жерде түсініксіз нәрсе көп», – деді Базарбек мәжіліс кулуарында.
Депутат Қазақстанда ешбір азамат туралы, оның қоғамдағы мәртебесіне қарамай, ақпарат жасыруға болмайтынын атап өтті. Алайда әлдебіреулердің ақиқатты бүркемелеуге тырысып жатқаны байқалады.
«Сірә, осы мәліметті жария еткісі келмейтін әлдебір ықпалды күштер бар сияқты. Олар қандай мақсат көздеп отыр, неге шындықты жасырғысы келеді, түсіне алар емеспін. Егер адам шынымен тірі болса, ел алдына шығып, хал-жағдайын айтуы керек қой. Ал тиісті органдар соны растап, ресми түрде хабарласа болды. Егер адам өмірден өтсе, ол да заң жүзінде бекітілуі тиіс. Осы мәселенің жасырын қалғаны дұрыс емес, бұл қалыпты жағдайға жатпайды», – деп толықтырды депутат өз пікірін.
2025 жылдың мамыр айының ортасында әлемжеліде экс-президент Назарбаевтың зайыбы Сара Қонақаеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған.