2024 жылы Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту аясында 45 мың шам, 3 мың бағана орнатылып, 500 шақырым кабель тартылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Алматы Қала Жарық» МКК басшысы Игорь Мысиктің айтуынша, қалада жарықтандыруды жетілдіру үш кезеңмен жүзеге асып жатыр: қалпына келтіру, жетілдіру және автоматтандыру. Қазіргі таңда жарықтандыру деңгейі 85%-ға жетіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізілмек.
2019–2023 жылдары жарық жүйесі жеке серіктестерге сеніп тапсырылғанымен, олар міндеттемелерін орындамағандықтан, келісімшарт 2023 жылы сот шешімімен бұзылған. 2024 жылдың қаңтарынан бастап жүйені «Алматы Қала Жарық» өз қолына алып, ауқымды жұмыстар атқаруда. Мысиктің айтуынша, басты мәселе – желілердің тозуы мен шамдардың сапасыздығы болған.
Жаңа шамдар жарық жетіспейтін учаскелерге орнатылуда. 2025 жылға дейін 1200 учаске жарық түсіріліп, жаяу жүргіншілерге арналған 5700 шам орнатылады. Қазірдің өзінде 1100 басқару шкафының 320-сы жаңартылды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 70%-ға жетеді.
Кей көшелерде жарық тек бір жақта болғаны – кеңестік жобалаудың нәтижесі. Енді мұндай аумақтарда жарық күшейтіледі. Қалаға кейін қосылған аудандарда да жұмыс қарқынды жүргізілуде. Мысалы, Алатау ауданында 90 шам орнатылған.
28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы мен «Шұғыла», «Желтоқсан» саябақтарында, Кіші Алматы өзені бойында жарықтандыру жаңартылып жатыр. Ағаштардың көлеңкесін азайту үшін биыл алғаш рет 4 метрлік кронштейндер орнатылды. Бұл жолды тікелей жарықтандыруға мүмкіндік береді.
Сәулеттік жарықтандырумен 70-ке жуық маңызды нысан қамтылмақ. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру күшейтілуде. Қазірдің өзінде Алмалы ауданында 300-ден астам кронштейн мен шам орнатылды.
Халық шағымдарына жауап беру де жеделдеген: биыл 4 айда 4300 өтініш өңделіп, ақаулар 5 күн ішінде жойылады. Бұрын бұл апта, кейде айларға созылатын. Мысиктің айтуынша, мұндай нәтижеге бригадалар санының 5 есе артуы және жаңа техника арқасында қол жеткізілген.
Жалпы қалада 190 мың жарық нүктесі бар. Қосымша 22 600 шам орнату арқылы 100% жарықпен қамту міндеті орындалмақ. Алматы үнемі дамып келеді, сол себепті жарықтандыру жүйесі де заман талабына сай жаңғыртылып жатыр.