Прямая трансляция

Астана

Астана

21.03°C

Қазақстандықтардың 93 пайызы елдегі этносаралық ахуалды оң бағалайды

Қазақстанда этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде жалғасып келеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстандықтардың 93 пайызы елдегі этносаралық ахуалды оң бағалайды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша азаматтардың 93,2 пайызы елдегі этносаралық қарым-қатынасты тұрақты деп бағалаған. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының мәліметінше, сауалнамаға қатысушылардың 72,5 пайызы этникалық белгі бойынша құқықтарының бұзылмағанын айтса, 86,8 пайызы мемлекет жүргізіп отырған этносаралық келісім саясатын қолдайтынын білдірген.

Елімізде бүгінде 130-ға жуық этнос өкілі өмір сүреді. Олардың басын қосатын 1 мыңға жуық этномәдени бірлестік пен 4 мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді.

Жыл басынан бері этносаралық келісімді нығайту мақсатында 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 140 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жұмыстарға жүздеген сарапшы, журналист, блогер және этномәдени бірлестіктердің өкілдері тартылды.

Өңірлердегі 37 Достық үйі қоғамдық диалогты дамытуға, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға және этномәдени бірлестіктердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Этномәдени ұйымдар жалпыұлттық бастамаларға да белсенді қатысады. Соның ішінде биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 300 мыңнан астам адам қосылды.

Медиация институтын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта республика бойынша медиаторлар тізілімінде 432 маман тіркелген.

Сарапшылардың пікірінше, жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және елдегі этносаралық өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға ықпал етіп келеді.