Numbeo сервисі өмір сүру құны бойынша жаһандық рейтингін жаңартты. Тізімге Алматы мен Астананы қоса алғанда, 547 қала кірген. Рейтингте оңтүстік астана елордадан жоғары тұр, деп хабарлайды paryz.kz.
Рейтинг өмір сүру құнының индексіне сүйеніп жасалған. Оны есептеу кезінде азық-түлік бағасы, дәмханалар мен мейрамханалардағы тамақтану құны, көлік шығындары, коммуналдық қызметтер және басқа да күнделікті шығындар ескеріледі. 2026 жылдың ортасындағы жағдай бойынша, рейтингте 123,1 индексімен Цюрих қаласы көш бастады. Алғашқы ондықтағы орындардың дені Швейцария қалаларына тиесілі.
Ал өмір сүру үшін ең арзан жер Үндістан қалалары болып шықты. Рейтингтегі соңғы 19 орынды түгелдей үндістандық шаһарлар иеленген. Қазақстан мегаполистерінің ішінде Алматы жоғары сатыға жайғасты. Тізімде оңтүстік астана 409-орында тұр. Жаңартылған рейтингте Астана 469-орында.
Бұл Қазақстан астанасында өмір сүру Алматы, Баку және Батумиге қарағанда арзан, бірақ Киев пен Украинаның өзге де бірнеше қаласымен салыстырғанда қымбат дегенді білдіреді.
Айта кетейік, Numbeo рейтингі үнемі жаңартылып отырады. Бұл тұрғындардың күнделікті шығындары негізінде әртүрлі елдердегі қалалардың өмір сүру құнын өзара салыстыруға мүмкіндік береді.