Прямая трансляция

Астана

Астана

31.65°C

Мәжіліс депутаты республикалық жолдардағы жылдамдық шектеулерін қайта қарауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Бейсен Нажметдинұлы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев атына жолдаған депутаттық сауалында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жылдамдық режимдерін қайта қарау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Мәжіліс депутаты республикалық жолдардағы жылдамдық шектеулерін қайта қарауды ұсынды
Фото: ҚР Парлаименті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары мемлекет халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жаңғыртуға қомақты қаражат бағыттады. Солардың қатарында еліміздің ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бар.

Сауалда аталған дәліздің Қазақстанның оңтүстік өңірлерін өзге аймақтармен байланыстырып қана қоймай, Орталық Азия елдерін Ресей және Еуропа нарықтарымен жалғайтын маңызды халықаралық бағыт екені атап өтілген.

Депутат жол құрылысы кезінде негізгі мақсаттардың бірі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдың өткізу қабілетін арттыру және көлік қозғалысының үздіксіздігін қалыптастыру болғанын еске салды. Осыған байланысты жолдардың бірқатар бөліктерінде қарсы бағыттағы қозғалыс ағындары бөлініп, қоршаулар орнатылып, көп деңгейлі жолайрықтар мен халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік инфрақұрылымы салынған.

Сонымен бірге, халық пен жүргізушілер тарапынан аталған жолдардағы жылдамдық режиміне қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтты. Әсіресе елді мекендер маңындағы төрт жолақты, қоршалған және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін учаскелерде жылдамдықтың бірнеше шақырым бойы сағатына 60 шақырымға дейін төмендетілуі көптеген сұрақ туындататынын жеткізді.

Депутаттың пікірінше, мұндай учаскелерде жаяу жүргіншілердің жолға шығу мүмкіндігі болмаған және барлық инженерлік қауіпсіздік шаралары қарастырылған жағдайда қолданыстағы шектеулердің негізділігіне талдау жүргізу қажет.

Сауалда өңірлер арасында жылдамдық режимдерін белгілеуде айырмашылықтар бар екені де көтерілген. Депутат кейбір облыстарда техникалық сипаттамалары ұқсас жолдарда рұқсат етілген жылдамдық жоғары болса, басқа өңірлерде төмен шектеулер белгіленгенін атап өтті.

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен өзге де республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қолданыстағы жылдамдық режимдеріне кешенді ревизия жүргізу, қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сонымен қатар елді мекендер маңындағы, бірақ жаяу жүргіншілер қозғалысы жоқ және барлық қауіпсіздік талаптары сақталған жол бөліктерінде сағатына 60 шақырымдық шектеудің негізділігіне талдау жүргізу, сондай-ақ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлерін қайта қарау мәселесі көтерілді.

Депутат Үкіметтен аталған мәселелер бойынша жан-жақты талдау жүргізіп, қолданыстағы тәжірибеге түсініктеме беруді сұрады.