Прямая трансляция

Астана

Астана

31.65°C

Мәжіліс депутаты ҮЕҰ-ларды шетелдік қаржыландыруды бақылауды күшейтуді ұсынды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Амантайұлы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) шетелдік қаржыландыруды бақылау тетіктерін жетілдіру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Мәжіліс депутаты ҮЕҰ-ларды шетелдік қаржыландыруды бақылауды күшейтуді ұсынды
Фото: ҚР Парлаименті Мәжілісінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына жолданған депутаттық сауалда шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың еліміздегі гранттық жобаларды қаржыландыруға қомақты қаражат бөлетіні атап өтілген.

Депутаттың айтуынша, шетелдік қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың оң нәтижелері бар және олардың тиімділігіне қатысты сын жоқ. Сонымен қатар мұндай қаржыландыру кей жағдайда қоғамдық келісімге, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін сыртқы көзқарастарды ілгерілету құралына айналуы мүмкін деген пікір айтылды.

Сауалда Қазақстандағы ҮЕҰ-ларды шетелдік қаржыландыруды бақылауға қатысты қолданыстағы заңнамаға жүргізілген талдау нәтижелері келтірілген. Онда қазіргі жүйенің бірқатар шектеулері бар екені көрсетілген.

Атап айтқанда, қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес шетелдік қаржыландыру туралы есептілік тек қызметтің үш бағыты бойынша – заң көмегін көрсету, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізу және ақпарат жинау мен тарату салаларында ғана ұсынылатыны айтылған. Депутаттың пікірінше, бұл талап өзге бағыттардағы жобалардың бақылаудан тыс қалуына алып келуі мүмкін.

Сонымен қатар сауалда Мемлекеттік кірістер комитетінің банк операциялары туралы ақпаратқа тікелей қол жеткізе алмайтыны және шетелден түсетін қаражаттың қозғалысы жөніндегі мәліметтер әртүрлі мемлекеттік органдар арасында толық көлемде алмаспайтыны атап өтілген.

Депутаттық сауалда жарияланған ресми деректерге сәйкес, Мемлекеттік кірістер комитеті биыл наурыз айында 2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша шетелдік қаржыландыру алушылардың кезекті тізілімін жариялаған. Тізілімге 155 ұйым енгізіліп, олардың шамамен 12 млрд теңге көлемінде қаржы алғаны көрсетілген.

Сондай-ақ шетелдік қаржыландыру туралы есепті уақытылы немесе толық тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанымен, оны қолдану барысында құқықтық түсіндірулерге байланысты қиындықтар туындайтыны айтылған.

Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағындағы нақтылаушы нормаларды қайта қарау, барлық ҮЕҰ-ның шетелдік қаржыландырылуын бақылау мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін қайта қарау ұсынылды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік кірістер органдарының қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдарынан өзекті ақпаратты тұрақты негізде алуына мүмкіндік беретін тетіктерді жетілдіру қажеттігі көтерілді.

Депутаттың пікірінше, бұл шаралар шетелдік қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және мемлекеттік органдардың бақылау мүмкіндіктерін күшейтуге ықпал етеді.