Прямая трансляция

Астана

Астана

26°C

Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігеді?

Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін азаматтардың санаттары анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігеді?
Фото: pixabay.com

Ведомствоның хабарлауынша, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізуді бастама еткен. Осыған сәйкес Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша амнистия туралы заң жобасын әзірлеген.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ келтірілген залал толық өтелген жағдайда ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтарға да қатысты болуы мүмкін. Жекелеген санаттағы сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамға, оның ішінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 1,5 мың сотталғанға қатысты қолданылуы ықтимал.

Сонымен қатар Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізу жоспарланып отыр. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтып, азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді және жеке практикамен айналысатын тұлғаларды 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатуды көздейді.

ІІМ дерегіне сәйкес, тек ведомство желісі бойынша бұл шара шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды немесе 17 миллиард теңгеден астам соманы қамтуы мүмкін.

Алайда амнистия террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне, азаптау фактілеріне, сондай-ақ жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарға қолданылмайды. Рецидив жағдайларына да амнистия қарастырылмаған.

Әкімшілік амнистия аясында да бірқатар шектеулер бар. Атап айтқанда, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, мас күйінде көлік жүргізуге, қарсы жолаққа шығуға және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін басқа да құқық бұзушылықтарға қатысты жеңілдік берілмейді.