Прямая трансляция

Астана

Астана

13°C

«Кітап оқитын ұлт» Кітап аманаты аймақтарды біріктіреді

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында бастау алған «кітап аманаты» бастамасы бүгінде жаңа серпін алып, еліміздің барлық өңірлерін қамтитын ауқымды рухани қозғалысқа айналып отыр. Игі дәстүр аясында Берік Уәли жолдаған кітапты Нұрлыбек Нәлібаев ресми түрде қабылдап алды. Бұл бастама аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық әдебиетті дәріптеудің тиімді тетігіне айналуда, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Кітап оқитын ұлт»  Кітап аманаты аймақтарды біріктіреді
Видеодан скриншот

Өткен аптада Абай облысының әкімі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің Тағдыр романын жолдаған болатын. Шараның символдық мәні ерекше, себебі дәл осы күні жазушының туғанына 90 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай Хабар арнасының таңғы тікелей эфирінде аталған шығармаға байланысты арнайы викторина ұйымдастырылып, көрермендердің білімін сынаған сұрақтар қойылды. Нәтижесінде дұрыс жауап берген қатысушы – Алматы облысы Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылының тұрғыны Қызырхан Құндыз жеңімпаз атанып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Рухани эстафетаны жалғастыру мақсатында сөз алған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің тумасы, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Соңғы парыз романын ұсынып, келесі «кітап аманатын» Дархан Сатыбалдыға жолдады. Осылайша жоба аясындағы рухани сабақтастық жалғасып, елдің әр өңірін біріктіріп келеді.

Айта кетейік, келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша кезекті викторина өтеді. Дәстүр бойынша, жеңімпазды тағы да бағалы сыйлық күтіп тұр.

Жалпы, «Кітап оқитын ұлт» жобасы – жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар, қазақ қаламгерлерінің еңбегін ұлықтауды және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттауды көздейтін бірегей бастама. «Кітап аманаты» сияқты игі дәстүрлер арқылы қоғамда рухани құндылықтарға деген қызығушылық артып, әдебиетке деген құрмет нығая түсуде.