Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылды

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Өңірде кең ауқымда жүзеге асқан бұл бастама 55 мыңнан астам адамды қамтып, кітап оқу мәдениетін насихаттаған ірі қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұл көрсеткіш облыс халқының шамамен 7 пайызын құрайды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылды

Қостанай өңірі ағартушылық дәстүрі терең аймақ ретінде белгілі. Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин мен ұлт руханиятының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының ізі қалған бұл өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру бастамасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, кітап оқудың қоғам дамуына әсерін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кітап оқитын адам бәсекеге қабілетті, ойы ұшқыр әрі білімді болады. Сонымен қатар, халықаралық зерттеулерге сүйенсек, күн сайын кемінде 10 минут кітап оқитын адамдардың сыни ойлау қабілеті мен цифрлық сауаттылығы жоғары деңгейде қалыптасады.

Іс-шараға арнайы қатысқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет жобаның рухани маңызына тоқталып, өңірдегі оқырман мәдениетінің дамуына жоғары баға берді. Сонымен қатар, жобалық офис менеджері Абылай Маудан түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық «Қорқыт Ата» арнайы төсбелгісімен марапатталды.

Жоба облыстың 16 ауданы мен 4 қаласын қамтып, 300-ден астам білім беру ұйымын біріктірді. Жалпы саны 1200-ден астам интеллектуалдық іс-шара ұйымдастырылып, олардың қатарында квиздер, дебаттар және кітап талқылаулар бар. Нәтижесінде кітапханаларға келушілер саны артып, жаңа оқырмандар қатары көбейді.

Жобаның тиімді жүзеге асуына педагогтардың белсенділігі ерекше ықпал етті. 11 мыңнан астам мұғалім оқушыларды кітап оқуға жүйелі түрде баулып, кітапханалармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл «мектеп – педагог – кітапхана» өзара іс-қимылының тиімді моделін қалыптастырды.

Сондай-ақ жобаға 400-ден астам мемлекеттік қызметші қатысып, түрлі сала өкілдері кітап оқуға тұрақты қызығушылық танытты. Олар кітап оқудың ой-өрісті кеңейтіп, шешім қабылдау сапасын арттыратынын атап өтті.

Облыстық финалға «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша 26 отбасы қатысты. Қатысушылар арасында 85 жастағы қариядан бастап, 1,5 жасар бүлдіршінге дейін болды. Бұл ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.

Жоба аясында қатысушылар бекітілген 15 кітапты оқып шығып, жылдық оқу көрсеткішін 5 есеге дейін арттырған. Егер бұған дейін орта есеппен жылына 2-3 кітап оқылса, жоба барысында күнделікті 30-50 бет оқу тұрақты әдетке айналған.

Салтанатты кеште үздік қатысушылар дипломдармен және 1 миллион, 600 мың, 400 мың теңге көлеміндегі сертификаттармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрады.

Айта кетейік, жобаның жүзеге асуына «AMANAT» партиясы мен өңірдегі ірі агроөнеркәсіптік холдинг «Олжа Агро» ЖШС қолдау көрсетті. Бұл мемлекет пен бизнестің адами капиталды дамыту жолындағы тиімді серіктестігін айқындайды.

Жалпы, «Кітап оқитын ұлт» жобасы білім мен руханиятты ұштастырған маңызды бастамаға айналып, Қостанай облысының тәжірибесі мұндай идеялардың нақты жүзеге асатынын көрсетті.