Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамзаның ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның айтуынша, оның ісіне қатысты Вьетнамдағы процесс әлі аяқталмаған.
«Вьетнамдағы процесс әлі біткен жоқ, блогердің ісі қаралып жатыр. Ең алдымен сот шешімі шығуы керек. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін шешім қабылданады», – деді министрдің орынбасары.
Әлібек Бақаев Қайсар Қамзаның Интерпол желісі арқылы ұсталғанын да растады.
«Оның ісі Интерпол арқылы өтті. Бұл екі мемлекеттің іздеу және тергеу жұмыстарының нәтижесі. Қазір ұсталды, өз процедурасы бар. Сол тәртіппен елге қайтару мәселесі қаралады», – деді ол.
Журналистердің «қанша жылға сотталуы мүмкін?» деген сұрағына Бақаев нақты жауап бере алмайтынын айтты.
«Бұл мәселеге сыртқы істер министрлігі жауап бермейді. Мұны тергеу және сот жүргізетін құзыретті органдар шешеді», – деді Әлібек Бақаев.