Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев елорданың ірі сауда орындарындағы баға тұрақтылығын тексерді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлік комиссия мүшелері қала базарларына кезекті мониторинг жүргізді. Тексерістің басты мақсаты — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу және тиімсіз делдалдардың жолын кесу.
"Бүгін біз өңірлік комиссия құрамымен бірлесіп, қаланың ірі базарларын аралап жатырмыз. Негізгі міндет — әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына мониторинг жүргізу және делдалдық схемаларды анықтау. Қазіргі уақытта ет өнімдерінің — сиыр, жылқы және қой етінің бағасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынды", — деді Мақсат Жаңабаев.
Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Бұл шаралар қала тұрғындары үшін азық-түлік қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.