Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шексіз тапсыруға болады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.

Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шексіз тапсыруға болады
фото: Paryz.kz

Кеңес барысында ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, азаматтар үшін қолайлылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жүргізушілерді даярлау сапасын күшейтуге бағытталған нақты шаралар қаралып, бекітілді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, әрекеттер арасындағы аралықты кемінде 10 күнтізбелік күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта азаматтарға үш тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәртіп жекелеген жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін жағдайлар туғызған. Ал жаңа норма рәсімді анағұрлым қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кеңес барысында емтихан тапсыру рәсіміне заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қаралды. Атап айтқанда, теориялық сынақ кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханда компьютерлік көру жүйесін пайдалану көзделіп отыр. Бұдан бөлек, автомектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, емтихан кезінде тыйым салынған құрылғыларды пайдаланғандарға жауапкершілікті қатаңдату және жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру шаралары бекітілді.