Мәжіліс кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы туралы айтты. Оның сөзінше, зейнетке шығу жасын ұлғайту жалғасады, деп хабарлайды paryz.kz.
Виктория Шегай бұған дейін әйелдердің зейнет жасын көтеру уақытша тоқтатылғанын еске салды.
"Бірақ ол қолданыстағы заңнама аясында ерлермен тең дәрежеде 63 жасқа дейін біртіндеп көтеріледі", - деді вице-министр.
Ол бұл шара болашақ зейнетақы төлемдерінің көлеміне де байланысты екенін растады: адам жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысса, оның болашақ зейнетақысы соғұрлым жоғары болады.
Сонымен қатар Қазақстанда егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамтуды қолдау шаралары күшейтіліп жатыр.
"Егде жастағы әйелдерді жұмысқа орналастыруға көмектесетін "Күміс жас" бағдарламасы қолға алынды. Жұмыс берушілер тәжірибелі қызметкерлерді тартуы үшін жалақының бір бөлігін субсидиялаймыз", - деп түсіндірді Шегай.
Сондай-ақ, шенеуніктің айтуынша, қайта оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. 2028 жылдан кейін зейнет жасын көтеруге жарияланған мораторийді ұзарту мәселесі қазір қарастырылып жатқан жоқ.
"Биыл бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", - деп мәлімдеді вице-министр.