Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін дербес заң шығады. Оның аясында психологтар мемлекеттік тізілімге тіркелуге міндеттеледі, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Paryz.kz.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжат президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, саладағы құқықтық базаны қалыптастыруға және психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасы аясында саладағы негізгі ұғымдар айқындалады.
Атап айтқанда, "психолог", "психологиялық қызмет", "ақпараттандырылған келісім", "психологиялық көмектің сапасы", "кәсіби құпиялылық" сияқты түсініктер енгізіледі. Бұл ретте құжаттың қолданыс аясы медициналық қызметке таралмайтыны нақты көрсетілген.
"Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Сондай-ақ заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтіруге жол бермеу қағидаттары белгіленген", - делінген хабарламада.