Астанада Қуыршақ театрында «Таза Қазақстан» акциясы аясында балаларға арналған «Таза ел – саналы ұрпақ» атты танымдық-экологиялық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Paryz.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында театр әртістері бүлдіршіндерге тазалықтың маңызы тек қоғамдық орындарда ғана емес, әрбір үйде, аулада және табиғат аясында да сақталуы керектігін түсіндірді. Сонымен қатар балаларға түрлі сұрақтар қойылып, олардың ой-өрісін дамытуға бағытталған тапсырмалар ұсынылды.
Ойын барысында балалар бірнеше командаға бөлініп, жылдамдық пен тапқырлықты талап ететін сайыстарға қатысты. Әр топ театр әртістері дайындаған тапсырмаларды орындап, ұйымшылдық пен белсенділік танытты. Балалар қоқысты сұрыптау, табиғатты қорғау және ағаш отырғызу тақырыптарындағы ойындарға ерекше қызығушылықпен қатысты.
Астана қалалық Қуыршақ театрының әртісі Сая Бидарқызының айтуынша, мұндай шаралар арқылы балаларды табиғатты аялауға және қоршаған ортаны таза ұстауға баулу көзделген.
«Бүгін біз кішкентай көрермендерімізбен бірге “Таза Қазақстан” акциясын қолдау мақсатында арнайы ойындар ұйымдастырып отырмыз. Бұл ойындар арқылы балаларды елімізді таза ұстауға, табиғатты құрметтеуге баулуды көздейміз. Мәселен, жерде жатқан қоқысты арнайы жәшікке тастау, табиғатты күтіп-баптау, ағаштарды қалай дұрыс өсіру керектігі түсіндіріледі», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай танымдық бастамалар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл шара балалардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.