Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейдегі беделді The National Interest басылымында «Әділетті, қуатты әрі өркендеген Қазақстанның жаңа Конституциясы» атты мақаласын жариялады. Мақалада елдегі конституциялық реформалардың маңызы, саяси жаңғыру үдерісі және Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясы жан-жақты баяндалған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Президент өз мақаласында жуырда өткен республикалық референдумды Қазақстанның саяси трансформациясындағы тарихи кезең ретінде бағалады. Оның айтуынша, дауыс беруге сайлаушылардың 73,12 пайызы қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Бұл көрсеткіш қоғамның реформаларға жоғары сенімін және азаматтардың ел болашағын айқындауға тікелей қатысуға дайын екенін көрсетеді.
Мақалада жаңа Ата заңның басты қағидаттары ретінде заң үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, зайырлы мемлекет қағидаты, білім, ғылым, технология және экологиялық жауапкершілікке басымдық беру мәселелері атап өтілген. Президенттің пікірінше, бұл құжат әсіресе жас ұрпақ үшін елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды жол картасына айналады.
Сонымен қатар мақалада «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы жаңа саяси модельдің негізі ретінде көрсетілген. Жаңа Конституция аясында заң шығарушы биліктің дербестігін күшейту, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделген.
Президент халықаралық инвесторлар үшін де бұл реформалардың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, меншік құқығын қорғау, зияткерлік меншікке кепілдік беру және экономикалық қызметтің ашық ережелерін белгілеу Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Бүгінде ел Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 70 пайызын иеленіп отыр.
Сондай-ақ мақалада Қазақстанның цифрландыру, инновациялық экономика, Орта дәлізді дамыту және халықаралық технологиялық серіктестікті күшейту бағытындағы бастамаларына да кеңінен тоқталған. Президент бұл реформалар елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты экономикалық өсімге негіз болатынын атап өтті.