Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Paryz.kz.
Барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған. Сіздерге референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар. Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді, - деді ол.
Оның айтуынша, 15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады.
Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді. Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз. Уақыт өтеді, ал Қазақстан жаңа Конституцияның арқасында қарыштап дами береді. Көп ұзамай әлемдегі ең озық елдің біріне айналады. Сол кезде «Қастерлі Отанымды осы биікке жеткізген жолды таңдауға мен де атсалыстым» деп, мақтанышпен айта аласыздар. Ал, кейінгі буын өздеріңізге әрдайым ризашылығын білдіріп жүреді. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген. Біз бір ел болып маңызды әрі жауапты жұмысты қолға алдық. Ең бастысы, ниетіміз – түзу. Демек ісіміз оңға басып, берекелі болары сөзсіз. Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз. Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! - деді Тоқаев.