Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, еліміз қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Мемлекет басшысы Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Бахрейн мен басқа да елдердің азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен атқылауға алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайды одан әрі ушықтырмай, қақтығысты диалог және дипломатия жолымен бейбіт түрде шешуді құптайтынын жеткізді.
Король Хамад бен Иса Әл Халифа ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса мән бере отырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға ниетті екенін растады.
Тараптар Қазақстан-Бахрейн арасындағы достық қатынас пен серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізіп, қасиетті Рамазан айында екі ел халқына бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.