Барлыбай Садықов Қазақстанның Руандадағы елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Барлыбай Кәрімұлы Садықов Қазақстан Республикасының Руанда Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды", - делінген хабарламада.
СІМ-нің Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Барлыбай Кәрімұлы 1964 жылы 25 қыркүйекте туған. 1988 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери институтын аудармашы-референт (урду және ағылшын тілі бойынша) мамандығы бойынша бітірген.
Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы Қазақстан СІМ Еуропа және Америка елдері басқармасының атташесі қызметінен бастаған.
Әр жылдары Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында және еліміздің Италия, Швейцария, АҚШ-тағы шет елдердегі мекемелерінде түрлі орындаушы және басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.