Қостанай облысы Аманқарағай ауылында ер адам әйелі мен баласын пышақтап өлтірген, деп хабарлайды облыстық сот.
Қайғылы оқиға былтыр қыркүйекте болған. Аманқарағай ауылының тұрғыны өз үйінде әйелі мен баласын пышақтап өлтірген.
"Ер адам әйелін қызғанып, арадағы қарым-қатынасты шешпек болған. Пышақпен қаруланып, жұбайы жатқан бөлмеге бара жатқан кезде кәмелетке толмаған ұлы оянып кеткен. Ұлы әкесін тоқтатпақ болғанда ер адам оны бірнеше рет пышақтаған", - дейді сотта.
Осы уақытта әйелі оянып кетіп, ұлына араша түседі. Алайда сотталушы сол пышақпен оның денесіне бірнеше рет соққы жасаған.
"Көптеген пышақ жарақатының салдарынан сотталушының кәмелетке толмаған ұлы мен оның анасы оқиға орнында қайтыс болған", - дейді облыстық сотта.
Қылмыстық істі Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотталушыға екі адамды, оның ішінде көрінеу кәмелетке толмағанды өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1), 14) тармақтары бойынша айып тағылды.
Сотталушының үлкен ұлы анасы мен інісін енді қайтара алмайтынын, бірақ әкесіне ауыр жаза қолданбауды сұраған.
Ал сотталушы ұлы мен жұбайын өлтіру ниеті болмағанын, туыстарына пышақ жарақатын салу кезінде шок күйінде болғанын айтқан.
Сот үкімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.