Ақтөбе облысында дропперлердің басшысы шекарада 20 млн теңгемен ұсталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 25 жастағы ер адам Ақтөбе аумағында дропперлерді басқарғаны үшін айыпталып отыр.
Ол алаяқтарға алданған адамдардың ақшасын көршілес мемлекетке тасымалдап, сол жақта кураторларына тапсырып жүрген.
Қазіргі кезде үш жәбірленуші анықталып отыр. Олар әлеуметтік желідегі жарнамаға ("Қазатомөнеркәсіптің" - Sputnik) сеніп, биржада акцияларды сату арқылы табыс табамыз деп ойлаған.
Осыдан кейін ақшаны дропперлердің есепшоттарына аударған. Ал күдікті бұл қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, шетелге алып шығуды жоспарлаған.
"Ұстау барысында күдіктіден 20 миллион теңге тәркіленді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті жүрген автокөлік коммуналдық айып тұрағына қойылды", - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және белгісіз тұлғаларға ақша аудармауға кеңес беріп отыр.