Синоптиктер Қазақстан аумағында алдағы күндері аяз күшейетінін мәлім етті, деп хабарлайды paryz.kz.
"Қазгидромет" мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағындағы ауа райын Жаңа Жер аудандарынан ығысқан антициклон айқындайды.
Ол республика бойынша ауа температурасының төмендеуіне әкеледі. 15 қаңтарда солтүстік және шығыс облыстарда түнгі уақытта ауа температурасы -30–40 градус аязға дейін төмендейді.
Оңтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы -5–13 градус аязға дейін, ал оңтүстік-шығыс облыстарда -8–17 градус аязға дейін төмендейді, таулы аудандарда -20–25 градус аяз күтіледі, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Қазақстанның оңтүстігінде 15–16 қаңтарда негізінен қар түрінде қатты жауын-шашын, жаяу бұрқасын және көктайғақ құбылыстары болжанады. Елдің оңтүстік-шығысында 16–17 қаңтарда қатты қар, бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі.