Мемлекет басшысы премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру бойынша бұған дейін берген тапсырмаларының іске асырылуы жөнінде баяндаған.
Премьер-министр еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы есеп берді.
Оның айтуынша, президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр.
2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға ұлғайған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,5 триллион теңгені құрап, жеке инвестициялардың көлемі 9,8 пайызға өскен.