Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Жаңаөзенде әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда

11 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерге жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларға қатысты. Сапар барысында өңір басшысы жаңа әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, ауылдық округтерге жедел жәрдем және қызметтік автокөліктер табыстады, әлеуметтік мекемелердің қызметімен танысты, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, көтерілген мәселелерді тыңдады, сондай-ақ жастар арасындағы дзюдо чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Жаңаөзенде әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жұмыс сапары аясындағы негізгі оқиғалардың бірі Рахат ауылында 1200 орындық №25 мектептің пайдалануға берілуі болды. Аталған білім беру мекемесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде салынған. Жаңа мектепте 61 арнайы кабинет қарастырылған. Олардың ішінде STEM-зертханалар, робототехника, дизайн және технология, мәдениет және өнер, тамақтану мәдениеті бағытындағы сыныптар, сондай-ақ инклюзивті білім беру кабинеттері бар. Бұл мектеп оқушыларға заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өңір басшысы Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станциясына заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған бес жаңа Hyundai Staria автокөлігін табыстады. Бұл жедел медициналық көмектің материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сапар барысында Нұрдәулет Қилыбай өңірде іске асырылып жатқан ірі әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Атап айтқанда, ол 350 балаға арналған «Bolashaq Saraiy» қосымша білім беру орталығының құрылыс нысанын аралады. Орталықта зертханалар, IT-сыныптар, телестудия, шығармашылық шеберханалар, акт залы және коворкинг аймақтары қарастырылған. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

photo_2025-12-12_09-26-44.jpg

Бұдан бөлек, жыл басында ашылған көпфункционалды «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысы да назардан тыс қалмады. Мұз аренасында хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлинг секциялары жұмыс істейді. Спорт кешені өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға және жастарды спортқа тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Әлеуметтік бағыттағы сапар барысында облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріне барып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдарға қолжетімді ортаны қалыптастыру, азаматтардың сұранысы бойынша төменгі қабаттарға көшіру мәселелерін шешу және инватакси қызметін кеңейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар Кендірлі ауылында жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту мақсатында салынған жаңа ауылдық әкімдік ғимаратының ашылуы өтті. Бұдан бөлек, Кендірлі, Қызылсай, Теңге және Рахат ауылдық округтеріне қызметтік автокөліктер табысталды. Бұл ауылдық әкімдіктердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жұмыс сапарының соңында Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласында алғаш рет ұйымдастырылған дзюдодан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам спортшы жиналды. Облыс әкімі өз сөзінде Президент тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық және жасөспірімдер спортын дамытуға ерекше мән беріліп, спорт инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Жалпы, жұмыс сапары Жаңаөзен қаласы мен оған қарасты ауылдық округтердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелердің шешілуіне негіз қалады.