Ішкі істер министрлігі "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады деп хабарлайды Paryz.kz.
22-26 қыркүйек аралығында өткізілген іс-шара ел аумағында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, сондай-ақ уытты және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған.
Полиция хабарлағандай, есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7 мың дәрі-дәрмек және қосарлы мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна уытты зат тәркіленді.
"Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 190-нан астам фактісі тіркелді. 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналып, құрамында есірткі бар 40 мыңдай таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула тәркіленді. Республика бойынша барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді", - деп жазылған хабарламада.
Өнеркәсіп саласында 60 құқықбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды, 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілді, деп хабарлады ІІМ.