ҰБТ-ның сапасын арттыру жұмысына әлемнің ең мықты компаниясы тартылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мемлекет басшысы Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары барысында Educational Testing Service (ETS) компаниясының басшылығымен кездескен болатын. Бүгінде компания жыл сайын әлем бойынша 180 мемлекетке 50 миллионнан астам тест әзірлейді.
Сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіне арналған бейіндік шешімдерді ұсынады. Ал Қазақстан тарапынан компанияның тәжірибесін пайдалануға қызығушылық бар.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 80 жылдық тарихы бар ғылыми орталық тестерді әзірлеп қана қоймай, тестологияны зерттеумен де айналысады.
"Біздің ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту мен мазмұнын толыққанды қарастыру шаралары осы ең ірі, ең атақты тестология орталығымен бірге атқарылады. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылады. ETS-тің ең мықты мамандарын тарта отырып, ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесі қайта қаралады", - дейді Нұрбек. Келесі айда зерттеушілердің үлкен делегациясы Қазақстанға келеді. Олар ҰБТ-ның трансформациясын жасайды. "Біз ҰБТ-ны ең сапалы сұрақтары бар халықаралық тестке айналдырамыз", - деп атап өтті министр.