Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасымен кеше кешке Алматы облысындағы өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев барды. Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында және ТЖМ Командалық орталығынан жүргізілуде. Полигонда өртті тәулік бойы сөндіретін жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Paryz.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт аумағында алты учаске белгіленген. «Терең-Қара» өзенінен су тарту үшін магистральдық желі орнатылып, үздіксіз су жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға бір автомобиль-сорғы жеңі мен бес автоцистерна тартылған.
Барлығы 11 өрт оқпаны және бір лафетті оқпан қолданылып жатыр. Алайда өртті сөндіру процесі өрт жүктемесінің жоғары болуына, 10 метр тереңдіктегі бықсуға және жел бағытының өзгеруіне байланысты күрделене түсуде.
«Жалынды ауыздықтауға Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері, қосымша ҚР ТЖМ әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері жұмылдырылды. Жалпы 200-ден астам адам мен 90-нан аса техника жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар тәулік бойы ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты нығыздау арқылы оттегінің кіруін шектеу әдісін қолданып жатыр. Бұл тәсіл өрттің түпкілікті жойылуына мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.