Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп, көптеген заңбұзушылықты анықтады.
Бұл іс-шара 12-14 қыркүйек аралығында өтті. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл күндері полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті ерекше бақылауға алды.
Нәтижесінде 63 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүргені, көші-қон заңнамасын бұзудың 25 дерегі тіркелді.
Заңсыз немесе ережеге сай сақталмаған 6 бірлік тегіс ұңғылы қару тәркіленді. Қоғамдық орындарда 179 адамның масаң күйде жүргені анықталды.
Ал Ақжар ауданының 46 жастағы тұрғыны «Racer» маркалы тіркелмеген скутерді мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Медициналық сараптама оның орташа дәрежеде алкогольдік мас болғанын көрсетті.
Өзіне де, өзгелерге де қауіп төндірген ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жалпы, соңғы 3 күн ішінде өңір полицейлері мас күйде көлік басқарудың 18 дерегін анықтады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оның әрбірі жол-көлік оқиғасына әкеліп, ауыр салдарға соқтыруы мүмкін.