Ақтөбеде киік қырылып қалды. Жануардың ажалы адамнан келді ме, ауадан келді ме? Sputnik Қазақстан тілшісіне аумақтық инспекция басшылары айтты.
Қырылып жатқан киіктің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған. Мән-жайды Ақтөбе аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Әділгерей Әуілбаевтан сұрап білдік.
"Киік деген жануар жаратылысында жиі көшіп қонады. Ауасы жайлы жерге қарай көшеді. Күзде Ырғызға қарай барады. Сол 10 мыңға жуық киік көшкенде суатқа тоқтап су ішсе, бірін бірі таптап кетеді", - дейді Әділгерей Әуілбаев.
Қырылған киіктің фотосын түсіріп, оқиға орнынан ізін жасырған аңшының кім екені анықталған.
"Оның қашып кететін жөні бар. Жалпы киікті аулауға 7 облысқа рұқсат берді. Бірақ Павлодар мен Ақтөбеге рұқсат бермеді. Жаңағы аңшы рұқсаты жоқ кісі болған. Ал бізге киікті аулауға не үшін рұқсат бермеді. Өйткені бізде ет комбинаттары алыс орналасқан. Ол жерге жеткізгенше ет бүлініп кетуі мүмкін", - дейді Ақтөбе аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы.
Қырылған киіктің саны - 108, аталығы - 60, аналығы - 48.
"Киік неге қырылды дегенге келсек, қазір су азайды. Мына Ырғызға кетіп бара жатқанда екі ортада Қайрақты деген ауыл бар. Соның жанынан ағатын қара су. Өзен деуге де келмейді. Тереңдеу, сол жерге келіп су ішкенде киіктер бірін бірі таптап кеткен. Инспекторлар өлексе мен суға сараптама жасады, бірақ сараптама таза шықты", - дейді Әуілбаев.
Қысқасы киіктің ажалы адамнан да, судан да, ауадан да емес, киіктің ажалы киіктен келген.