Алматыда өзін полицейлер ретінде таныстырып, тұрғындардан ақша бопсалаған адамдар тобы ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Арнайы операция барысында күдіктілерден "Полицияға жәрдемдесу отряды" қоғамдық бірлестігінің жалған қызметтік куәліктері, қол кісендері және ақша қаражаты тәркіленді.
Олар өздерін "есірткі полициясының қызметкеріміз" деп таныстырып, "қылмыстық жауапкершілікке тартамыз" деп қорқытып, тұрғындардан қолма-қол ақша мен аударымдар талап еткен.
Ұсталғандардың үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы ("Бопсалау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жыл басынан бері өзін полицейміз деп көрсеткен адамдар тобын үшінші рет ұстауымыз.
Мұндай фактілер қоғамның сеніміне нұқсан келтіреді, сондықтан біз мұндай әрекеттердің жолын қатаң кесеміз. Шынайы полиция қызметкерлері тек заң аясында әрекет етеді. Алматы тұрғындарын: өзін полицеймін деп таныстырған адамдардың әрекетінде күмән туындаса, бірден "102"-ге қоңырау шалуға шақырамын, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Тергеу жалғасуда, күдіктілердің заңға қайшы әрекеттерінің барлық мән-жайы анықталуда.