Зейнетақы саласын жетілдіру мәселесіне қатысты ұсыныстарды сарапшылар тобы пысықтап жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы қаражатына қатысты сауал қойды.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден артық қаражатты шешіп алуға тыйым салынуы мүмкін бе? Әлде, шекті мөлшердің деңгейі едәуір өсе ме?», — деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде Светлана Жақыпова биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға қатысты тапсырма бергенін еске салды.
— Осы орайда министрлік алаңында сарапшылар тобы құрылды. Оның құрамында Ұлттық банк пен агенттік төрағаларының орынбасарлары, еліміздегі білікті сарапшылар енді. Талқылау барысында тиісті қадамдарды пысықтаймыз. Сондықтан қазір БЖЗҚ-дан жинақты ерте шешіп алу тақырыбына, сондай-ақ тұжырымдамалық деректерге қатысты айту ерте. Себебі, осының бәрі сарапшалар тобында қаралады, — деді министр.