Маңғыстау облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бұрынғы серігі Ынташ Наурызова Мемлекет басшысына ашық хат жазып, кеңесші қызметін сұрады. Ол айлықсыз, тегін жұмыс істеуге дайын екенін айтып, басты мақсаты – әйелдер мен балалар құқығын қорғау екенін жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
«Құрметті Президент мырза, мені кеңесші қылып қызметке алыңызшы. Айлық төлеудің де қажеті жоқ. Аз да болса әйелдер мен балаларға көмегім тисе болды. Сізге шынайы жағдайды баяндап отырайын», – деп жазды Наурызова.
Экс-депутат бұл ойын TikTok-та жариялап, қоғамды сабырға шақырды. Ол Президенттің соңғы Жолдауында айтылған әйелдер тақырыбындағы пікірін дұрыс түсінуге шақырды.
«Ажырасу мен боқтық сөз айтып, айқай шығаратын әйелдерге қатысты айтқаны дұрыс. Бірақ бұл барлық әйелдерді кемсіту емес. Президенттің көтерген мәселесі – шынайы проблема. Біздің қоғамда құжат жүзінде ажырасып, шын мәнінде бірге тұратындардың бары рас. Бірақ бұл мәселе жәрдемақыны азайтып тастау арқылы шешілмейді», – дейді Наурызова.
Ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін ерекше атап өтіп, билікке бұл бағытта нақты шешімдер қабылдауды ұсынды.
«Қоғамның тыныштығын бұзуды адамның жынысына бөлудің қажеті жоқ. Әйтпесе, ер адамдар арасында "Президенттің өзі қолдамайды екен" деген қауіпті ой қалыптасуы мүмкін. Ал бізде әйелдерді қорғауға қатысты заңдар бар, тек дұрыс қолдану қажет», – деді ол. Наурызова соңғы уақытта әйелдердің наразылығын тудырған тақырыптарға билік жауап береді деп сенетінін де қосты.