Қарағанды облысында тауға шығып түсе алмай қалған балалар құтқарылды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Жасөспірімдер 600 метр биік жартасқа шығып кетіп, қайта түсе алмай қалған.
"Кеше кешке Қарағанды облысы ТЖД 112 пультіне Ақтоғай ауданындағы "Бектау-Ата" шатқалында тауға шығып, өз бетінше түсе алмай қалған екі жасөспірім туралы достарынан хабарлама түсті", - дейді ведомстводағылар.
Жасөспірімдер кешкісін теңіз деңгейінен шамамен 600 метр биіктікке көтерілген, алайда түсу кезінде бағыттарын жоғалтып, қауіпті жартасты аймақта қалып қойған.
"Оқиға орнына жету үшін құтқарушылар түні бойы қауіпсіз жол іздеді. Бектау-Ата шатқалы — жартасты тау, мұнда қозғалыс жартастар мен тік беткейлердің салдарынан қиындады. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында балалар аман-есен төменге түсірілді", - дейді құтқарушылар. Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмады.