Түркістан облысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар өсімдіктердің ірі көлемдегі плантациясын тауып, мыңнан астам қарасора мен көкнар түптерін тәркіледі, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген арнайы операция барысында Созақ ауданының таулы аймағынан есірткі өсімдіктері өсірілген жасырын алқап анықталды.
Оқиға орнында Қызылорда облысының екі және Шымкент қаласының бір тұрғыны ұсталды. Олар өсімдіктерді күтіп-баптап, заңсыз айналымға шығаруға дайындалып жатқан. Рейд нәтижесінде 900-ден астам қарасора және 260-қа жуық көкнар түптері мен бір тіркелмеген қару тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша өсімдіктердің жалпы салмағы 700 келіге жуықтаған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер қамауға алынып, оқиғаға қатысты жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.