Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабындағы Мәдениет үйінде Еңбек мобильділігі орталығы қалалық прокуратурамен бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Іс-шара аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері қала тұрғындарына көшпелі қабылдау өткізді.
Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Enbek.kz порталындағы 2 мыңнан астам тұрақты және субсидияланатын уақытша бос жұмыс орындарын ұсынды.
Арнайы кеңес беру бұрышында Қаратау ауданының Мансап орталығы мамандары жұмыспен қамту шаралары - кәсіптік оқыту, қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналастыру және Enbek.kz
порталының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Жәрмеңке аясында жұмысқа жолдама алған тұрғындардың бірі - Бақтияр Сейдуллаев. Ұзақ уақыттан бері жұмыс іздеп жүрген ол осы іс-шара барысында көңілінен шыққан жұмыс орнын тапқанын айтып, ризашылығын білдірді:
-Жәрмеңке туралы әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы біліп келдік. Қазір “ЮГ Plastik.kz” ЖШС-не жұмысқа жолдама алдым. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, - деді ол.
Сондай-ақ “Жастар практикасы” бағдарламасы аясында заңгерлік қызметке жолдама алған жас маманның әкесі Ақылбек Ақанбаев ұлының жұмысқа орналасқанына қуанышын жеткізді:
-Балам биыл жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын алды. Бүгінгі жәрмеңке арқылы заңгерлік қызметке жолдама алды, - деді ол.
Жәрмеңкеге жалпы 100-ден астам азамат келіп, кеңес алды. Нәтижесінде 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа, 21 азамат субсидияланған жұмыс орындарына (оның ішінде “Жастар практикасы” мен “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламалары арқылы), ал 8 адам кәсіптік оқытуға жолданды.