Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен Энергетика министрлігінің энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысын ұстады, – деп хабарлайды Paryz.kz.
Ол жер қойнауын пайдаланушылардан жүйелі түрде материалдық пайда алуға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырды деп күдіктелуде.
Қазіргі уақытта осы адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) және 364-бабы 1-бөлігі (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ретінде тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге ақпараттары жария етуге жатпайды.