Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе қаласындағы мешіт ауласында болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты түрлі пікірлер әлі де таралып жатыр. Осыған байланысты мүфтият өз мәлімдемесін таратты.
"Мешіт – құлшылық пен тәрбие ордасы. Онда келген әрбір азамат өзін әдеппен, ізетпен ұстауға міндетті. Ислам шариғатында өзгеге тіл тигізу, орынсыз сөз айту, әсіресе әйел затына қолайсыз пікір білдіру – мұсылман әдебіне сай келмейтін және айыпталатын іс-әрекет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбедегі оқиғада қыз балаға орынсыз сөз айтқан азаматтың әрекетін айыптайды. Өйткені мұндай әрекет мұсылмандыққа жат, әрі адамгершілік қағидаттарына да сай емес", - дейді мүфтият мамандары.
Діни басқарма жамағатты сабыр мен парасаттылыққа шақырып, жалған ақпарат пен арандатушылық әрекеттерге ермеуге де үндеп отыр.