Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Елімізде ірі сауда орындарына міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді

Ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандары үшін сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Елімізде ірі сауда орындарына міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді
Фото: Pixabay

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 24 маусымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.

Құжат азаматтық қорғау саласындағы реформаларды тереңдетуге, оның ішінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзету енгізілді. Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, өзгерістердің негізгі бағыты өрт, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздік саласын жетілдіру.

Атап айтқанда, биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігіне қорытынды беру құқығы ТЖМ аумақтық органдарына берілді.

«Бұл жаңа норма өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған объектілердің пайдалануға берілуіне жол бермей, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар, зардап шеккен азаматтарға келтірілген материалдық шығынды өтеу үшін ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда объектілерін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұдан бөлек, өрт автоматикасын монтаждауға және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру тәртібі де қайта қаралып отыр. Сондай-ақ "Хан Шатыр" мен ЭКСПО сынды ерекше нысандарға арналған арнайы техникалық шарттарды келісу тетігі заңнамалық деңгейде бекітілді.