Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаты – "Devlet Nişanı" орденімен марапатталды. Бұл тарихи сәт Түркия мен Қазақстан арасындағы берік достық пен стратегиялық әріптестіктің тағы бір жарқын көрінісі болды, деп хабарлайды Paryz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы бұл марапатты қабылдау – оның жеке басына емес, бүкіл қазақ халқына көрсетілген ерекше құрмет деп бағалады.
Мен отандық немесе шетелдік марапаттарды алудан бұрын бас тартқан болатынмын. Алайда бүгінгі шешімнің орны бөлек. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығының жылнамасындағы маңызды тарихи оқиға. Сіз бұл қадамыңыз арқылы ата-бабалар аманатына адал екеніңізді көрсеттіңіз. Түрік халқының бұл ілтипатын достық пен бауырластыққа деген адал ниет деп қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға қарата.
Президент бұл марапатты бауырлас екі халықтың арасындағы терең тарихи байланыстар мен ортақ құндылықтардың көрінісі ретінде бағалады.
Сонымен қатар, ол Түркия Президентін – өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа өлшеусіз үлес қосып отырған көрнекті тұлға ретінде атап өтті. Сіздің сарабдал саясатыңыз, ел мүддесіне қызмет етудегі табандылығыңыз Түркияны биік тұғырға көтерді. Бүгінде Түркия – экономикалық қуаты мен халықаралық ықпалы зор мемлекетке айналды. Бұл жетістіктердің барлығы Сіздің есіміңізбен тығыз байланысты, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекеттердің бірі екенін еске салып, бұл тарихи фактіні қазақ халқы ешқашан ұмытпайтынын айтты.
"Devlet Nişanı" ордені –тек мемлекеттік қайраткерге ғана емес, туыстас екі ел арасындағы достыққа, сенімге және тарихи сабақтастыққа берілген жоғары баға. Бұл марапат – Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа белеске көтерілгенінің айғағы.