Қазақтың көкпары Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген жоқ. Бұл туралы Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Алдағы ойындарда көкбөріден турнир жоспарланған, жарыс клубтық жүйе бойынша өтеді.
"Клубтар жеребе арқылы әр елден келген ойыншылардан құрылады: әр мемлекеттен бір өкіл жаңа командаға бөлінеді. Мысалы, бір командада Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Венгрия ойыншылары болуы мүмкін", - деп түсіндірді Әбдімомынов.
Оның айтуынша, жаңа формат Қырғыз Республикасының Көкбөрі федерациясымен талқыланған.
Бұл спорттың саясилану деңгейін төмендетіп, қатысушылардың ұжымдық жұмысын күшейтеді, деп есептейді ведомство басшысы.
"Көкбөрі федерациясымен бірнеше кездесу өткізіп, ережелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Қауіпсіздік мәселелеріне және қорғаныс жабдықтарының сапасына ерекше назар аудардық. Ереже пысықталды, жақын арада жаңа ережені таныстырамыз", - деді мемлекеттік агенттік басшысы.
Астанада өткен Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына көкпар да, көкбөрі де енгізіліп, көкпар турнирінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Екінші орын алған қырғыз спортшылары марапаттау рәсімінде медальді шешіп, марапаттау рәсімі аяқталмай жатып кетіп қалды.