Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және активтерді қайтару мәселесі

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық – ұзақ жылдар бойы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп келе жатқан күрделі мәселе. Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен бұл салада жүйелі шаралар қолға алынып, әсіресе шетелге заңсыз шығарылған қаржыларды қайтару және экс-шенеуніктер мен байлардың активтерін мемлекетке қайтару процесі жандана түсті, деп хабарлайды paryz.kz

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және активтерді қайтару мәселесі
фото: gov.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы президенттікке келгеннен кейін сыбайлас жемқорлықпен күресті өз саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі. 2022 жылғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ол шетелге заңсыз шығарылған қаржыларды қайтару және активтерді бұғаттау туралы нақты тапсырмалар берді. 

Өз сөзінде ол былай деп атап өтті: «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – әділдікті орнату ғана емес, сонымен бірге экономиканы нығайту стратегиясы». Бұл тапсырмалардың негізгі мақсаты – мемлекеттен ұрланған қаражатты қайтарып, оларды халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсау.

Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл заң шетелдегі қаржыларды анықтау, бұғаттау және қайтару процесін реттейтін құқықтық негіз болды. Президент Үкіметке, Бас прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осы процесті жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, ол халықаралық серіктестікті нығайту арқылы офшорлық аймақтардағы активтерді іздестіруді күшейтуді міндеттеді.

Осыдан кейін елімізде экс-шенеуніктер мен шетелдегі байлардың активтерін қайтару процесі басталды. Шетелге заңсыз шығарылған қаржыларды қайтару процесі экс-шенеуніктер мен шетелде тұратын бай қазақстандықтардың активтеріне бағытталған. Бұл топтардың көпшілігі 1990-2000 жылдары мемлекеттік ресурстарды жекешелендіру кезінде немесе жемқорлық схемалары арқылы байлық жинаған.

2022 жылдан бастап мемлекетке 2 триллион теңгеден астам (шамамен 4,1 миллиард АҚШ доллары) қайтарылды. Бұл қаражаттың бір бөлігі шетелдік банктерде бұғатталып, кейін Қазақстанға аударылды. Мысалы, 2023 жылы Швейцариядағы банктерден 500 миллион доллардан астам қаражат қайтарылды. Бұл процесс Қазақстанның БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы аясындағы халықаралық серіктестігінің нәтижесі еді

Қазақстан бұл істе халықаралық ынтымақтастық аясында Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдермен бірлесіп жұмыс істеді. 
2023 жылы Лондонда өткен халықаралық конференцияда Тоқаев офшорлық юрисдикциялардағы активтерді қайтару үшін арнайы халықаралық қор құруды ұсынды, бұл ұсыныс қолдау тапты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылы тағы 1 триллион теңге қайтару туралы жоспарын сәтті орындап шықты деуге болады. Қайтарылған қаражат әлеуметтік жобаларға – мектептер, ауруханалар салуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай іске асып отырған дүниенің бірі -  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Жоба қайтарылған қаржы есебінен іске асып отыр. 

Жобаның мақсаты – ескірген мектептерді жаңарту, жаңа білім беру нысандарын салу және оқушыларға заманауи, жайлы жағдай жасау. Қайтарылған қаржы осы жобаны қаржыландырудың маңызды көздерінің біріне айналды.