Қазақстандық қыздар әлеуметтік желі арқылы танысқан шетелдік "ғашықтарына" алданып жатыр, деп дабыл қақты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әлеуметтік желі арқылы махаббатын іздеген қыздардың көбі алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр. Онлайн махаббаттың соңы жаралы жүрек пен бос әмиян, дейді полиция.
"Әдемі таныстық, романтикаға толы сөздер, кездесу туралы уәде, тіпті үйлену жайлы арман-мақсаттар... Бірақ кейін әңгіме барысында қиындықтардың туындағаны туралы айтылады. Түрлі сылтау айтып, ақшалай көмек сұрайды. Осындай тізбекпен алданған Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған", - дейді ведомство.
Полиция ғаламтор арқылы ғашықтығын білдіретін алаяқтықтардың негізгі белгілерін айтты:
ғашықтық сезімін тез білдіру;
бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден бас тарту;
аянышты күйге еніп, қиын өмірлік жағдайлар туралы баяндау;
ақша, құжаттар немесе бағалы заттарды жіберуді сұрау.
ІІМ азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.