Қазақстандық әншілер өз шығармаларын пайдалануды және түсіп жатқан сыйақыларды онлайн режимде бақылай алады. Бұл туралы әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазіргі кезде әділет саласында цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатыр. Авторлық құқықтар бойынша нақты шешім де бар. Келесі жылдан бастап әншілер мен авторлар өз шығармаларын пайдалануды онлайн режимде бақылай алады. Сол үшін төленетін сыйақылардың есебі де көрсетіледі.
"Бүгінде авторлар, олардың мұрагерлері көп жағдайда өзіне тиесілі сыйақының толық көлемде төленбейтініне шағымданып жатады. Цифрлық платформаны енгізудің нәтижесінде осы процесті автоматтандыруға болады. Сонда олар әрбір шығарманың қай жерде және неше рет орындалғанын көре алады", - деді Жақселекова.
Оның айтуынша, дәмхана мен мейрамхана иелері де қиналмайды. Нақты шығарманың неше рет орындалғанын біліп отырады және сол үшін ғана ақша төлейді.