Тәжікстанда төрт баласын өзенге лақтырған әйелге қатысты ресми нұсқаға күйеуі мен әкесі қарсы шықты. Олар оқиғаның мүлде басқаша екенін айтады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Asia-Plus-ке сілтеме жасап.
Оқиғаға не себеп болды?
Куляб өңіріндегі ТЖ комитеті таратқан мәліметке сәйкес, 27 жастағы Мәдина Халимова маусымның 29-нан 30-на қараған түні күйеуінің басқа әйел алғанын біліп, өзін және төрт баласын Сурхоб өзеніне тастаған. Әйел аман қалғанымен, балалар қаза тапты.
Күйеуі не дейді?
Мәдинаның күйеуі Кудратулло Шарифов отбасында ешқандай кикілжің болмағанын айтады. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні ол марқұм тәтесінің үйінен түнгі 11-де қайтып келген. Үйде екі баласы ұйықтап жатқан, ал өзі әйелі және қалған екі баласымен кешкі ас ішіп, кейін бәрі ұйқыға кеткен. Таңертең тұрған кезде әйелі мен балаларын таппаған. Алғашында олар ата-анасының үйіне кеткен болар деп ойлаған, бірақ аяқ киімдерінің орнында екенін көріп, күмәндана бастаған. Үйден Мәдинаның жазып қалдырған хатын тапқан.
Мәдинаның хаты Хатта әйел: «Латофаттың әкесі, кешір мені. Саған жақсы жар бола алмадым, саған қызмет ете алмадым», – деп жазып қалдырған.
Мұны көрген Кудратулло туыстарына және полицияға хабар беріп, іздестіру жұмыстарын бастаған. Кейінірек, полициядан ағасы хабарласып, әйелінің табылғанын жеткізген.
Айтуынша Кудратулло Шарифовтың айтуынша, әйелі полиция бөлімшесінде: «Түнде екі ер адам келіп, мені оятып, балаларды өзенге тастауға мәжбүр етті. Олар мені зорлады» деген. — Ол мұны өте суыққанды, сабырмен айтты. Бұл бұрыннан бар психикалық ауытқудың көрінісі болуы мүмкін. Өйткені бұған дейін де түнде сандырақтайтын. Тағы бір жайт — оның туған ағасы өзіне қол жұмсаған болатын, — дейді ол.
Әкесінің пікірі Мәдинаның әкесі Сафаулло Халимов та отбасының бұрын тату болғанын, күйеу баласы екінші әйел алғаны жайлы әңгіменің жалған екенін айтты.Алайда бұл тақырыпта тереңірек пікір білдіруден бас тартты. Қызымен әлі сөйлеспегенін де растады.
Салдары
Қайғылы оқиға салдарынан Латофат (5 жас), Зайнаб (3 жас), Ёсамин (2 жас) және Мұхаммад (2 айлық) көз жұмды. Қазіргі таңда Зайнаб пен Мұхаммадтың денесі табылған, қалған екі бала әлі іздестіріліп жатыр. Мәдина Халимова қамауға алынды.
Оған Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 104-бабы бойынша («Адам өлтіру») қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Желіде жарияланған бейнежазбаларда құқық қорғау органдарының өзеннен мәйіт іздеген сәттері түсірілген. Кейін Төтенше жағдайлар комитеті бұл деректі растады. Ал Ішкі істер министрлігі тергеу мүддесіне байланысты егжей-тегжейлі мәлімет беруден бас тартты.