Қостанай облысында соңғы бес жылда алғаш рет адам өліміне әкелген құтыру жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қамысты ауданының тұрғыны Лисаков қалалық ауруханасында қайтыс болды.
Ауру үй жануары тістегеннен кейін өршіген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, әйел медициналық көмекке тым кеш – аурудың клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін жүгінген. Оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша мысық тістегеннен кейін жоғалып кеткен. Зардап шеккен адам алдын алу екпелерінен өтпеген және дер кезінде дәрігерге қаралмаған. Мамандардың айтуынша, құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын және көп жағдайда өлімге әкелетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Вирус, әдетте, ауру жануарлардың тістеуі немесе олардың сілекейінің зақымдалған теріге түсуі арқылы жұғады. Инкубациялық кезең бірнеше күннен бірнеше айға, кейде бір жылға дейін созылуы мүмкін – бұл тістеу орнына байланысты.
Камысты ауданының тұрғынының жағдайында ауру бірнеше айдан кейін ғана білінген.
«Құтырудың 99 пайыз жағдайы жануарлар тістегеннен кейін болады. Мұны үй жануарларына уақытылы вакцина салдыру және адамдарға жедел түрде екпе жасау арқылы болдырмауға болады», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.