Алматы балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында медицина тарихына енетін оқиға орын алды, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстандық дәрігерлер тобы жаңа туған нәрестеге әлемдік тәжірибеде небәрі 30 рет тіркелген аса сирек кездесетін патология бойынша сәтті ота жасады. Дүниеге келген нәресте өздігінен дем ала алмаған.
Оның бет пен мойын тұсында пайда болған үлкен өскін тыныс жолдарын қысып тастаған. Бастапқыда мамандар бұл жиі кездесетін қатерсіз ісік - лимфангиома деп топшылады.
Алайда жағдай әлдеқайда күрделі болып шықты. Рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография өскіннің өмірлік маңызы бар қан тамырлар мен шеткі жүйке талшықтарын да қамтығанын көрсетті.
"Өскін жұтқыншақ пен көмей аймағын, құлақ маңындағы шайнау бұлшықеттерін басып, тыныс жолдарын тарылтқан, - дейді хирург Серік Нұрмағанов.
Күрделі операциядан кейін "ісік" мидың гетеротопты ұлпасы екені белгілі болды. Әлемде осыған ұқсас небәрі 30 жағдай тіркелген. Қазіргі кезде сәби өздігінен тыныс алып, емуді үйреніп, жағдайы жақсарып үйіне шығарылды.